«GUL ASTANA» фестивалі басталды

«Gul Astana».  Елордада  қала күніне осындай ерекше фестиваль басталды. Шараның көздегені Қазақстандағы өсімдіктер әлемінің әралуандығын насихаттау, тұрғындар мен қала қонақтарына жарқын көңіл күй сыйлау. Ландшафт дизайнерлері мен флористер барын өнерін салғаны байқалады. Мәселен,  киіз үй бейнесіндегі мына киіз үйлерде еліміздің төрт құбылысы түгенделіп, бай флорасы  көрініс тапқан.

Майра Измайлова, фестиваль продюсері:

- «Міне, еліміз осындай екен ғой» деп бұнда келген әр адам бір жерден Қазақстанның барлық ландшафтын тамашалай алады. Бұған қоса бізде түрлі  гүлдермен безендірілген 6 бірдей арнайы фотоаумақ құрылды. Тіпті аңызға айналған «Дос-Мұқасан тобына арналған аумақ бар. Тек Алтай өңірінде өсетін гүлдер жиналған фото орын жасадық. Жыл мезгілдері айқын көрініс табатын шатыр тігілді. Өсімдік әлемімен байланысты өзге де қызықты шаралар ұсынып отырмыз. Келген адам фотоғо түсіп қана қоймай байқауларға қатыса алады. Өз сезімін үздік жеткізген махаббат бейнетүсірілімі БАӘ жолдама ұтып алады. Ел ішілік саяхаттарға да жолдамалар ойнатамыз.

Сондай-ақ фестиваль аясында «Жанданған гүлдер» тақырыбында салынған суреттер шеруі өтіп, флористер байқауының жеңімпаздары анықталады. Түрлі театрландырылған интерактивті бағдарламалар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылған.

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

- «Жігітке жеті өнер де аз» демекші әрбір ер азамат өз қолымен гүл шоқтарын жасап, әдемі композициялар құра білуі де қажетті  дағдылардың бірі. Өйткені өз қолыңмен жасаған сый қашанда құндырақ болып келетіні белгілі.

Бұл гүлдердің мәнін ашатын жай ғана көрме емес. Ұйымдастырушылар осы шара арқылы шаһар тұрғындарын эко қозғалысқа тарту, шикізатты қайта өңдеудің маңыздылығын көрсету жəне эко-белсенділерді біріктіруді мақсат тұтып отыр. Келушілер эко сабақтарға қатысып, қалдықтарды кәдеге жарату тәсілдерін үйренеді.

Фердуса, фестиваль мейманы /Қырғызстан/   

- Бұл өте пайдалы фестиваль. Таңсәріден адамдардың көңілі жайдары. Әсем арт-нысандар ұсынылған. Бәрі гүлдермен көмкерілген. Бұған қоса әрбірінің астарлы мәні бар. Мұнда экология жалпы елдегі табиғИ мәселелер қозғалған. Әсіресе, қаланы гүлдендірудің маңызы айқын көрініс тауып отыр.

Шара қорытындысы бойынша урбанистер Астананың жасыл картасын жасап, саябақтар құру үшін тиімді орындарды белгілейді және  елорданың нышанына айналатын гүлді таңдайды.